Комиссия Алматы маңында апатқа ұшыраған CRJ-200 ұшағындағы «қара жәшіктің» мәліметтерін талдауға кірісті

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Халықаралық авиациялық комитет мамандары «қара жәшікті» бір аптаның ішінде зерттеп шықты, деп хабарлады Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Алынған мәліметтер апаттың себебін тексерумен айналысатын Комиссияның қарауына берілді.

Комиссия төрағасы, Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұровтың айтуынша, «қара жәшікті» талдауды аяқтау ұшақ апатының себебін нақты анықтау деген сөз емес. Қазір комиссия апаттың ықтимал себептері бойынша талдау жұмыстарын жүргізуде».

Талдау жұмыстарының аясында сарапшылар пайдалану ережелерінің орындалуын, ұшаққа, двигательдерге, авиациялық және радиоэлектрондық жабдықтарға, жүйелер мен агрегаттарға жүргізілген техникалық қызметтер мен жөндеу жұмыстарын бағалайды, экипаждың, ұшу сапарын қамтамасыз етуші жердегі қызметтердің дайындықтары мен іс-қимылдарын, ауа райының жағдайын, жердегі радиотехникалық құралдардың жұмыстарын зерттейді.

Бұл тексерулерді жүргізуге Халықаралық авиациялық комитеттің, ұшақты жасап шығарған зауыттың, двигательдерді жасаушы зауыт пен ұшаққа техникалық қызмет көрсетуші зауыттың өкілдері тартылып отыр.

«Қара жәшікте» тіркелген мәліметтерді оқудың нәтижелері қосымша талдау жұмыстары үшін Канаданың Көлік қауіпсіздігі кеңесіне де жолданады.

Тексеру амалдары аяқталғаннан кейін Комиссия ресми мәлімдеме жасайды.

Анықтама үшін: Ереванда болған CRJ-200 ұшағының апаты 1,5 жыл, ал Индонезиядағы SuperJet-100 ұшағының апаты 9 ай бойы зерттелген болатын.