Комитет «Фауна Эйр» әуе компаниясының қызметін тоқтатты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті шағын авиациядағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИДМ сілтеме жасап.

Комитет инспекторларының тексеруі кезінде «Фауна Эйр» әуе компаниясының Қазақстандағы азаматтық әуе кемелерінің пайдаланушыларына қойылатын сертификациялық талаптарды бұзғаны анықталған.

«Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті 2018 жылдың 8 қазанынан бастап «Фауна Эйр» ЖШС-нің авиациялық жұмыстарға берілген куәлікті пайдалануға шектеу қойды», - делінген Азаматтық авиация комитетінің Фейсбук парақшасындағы хабарламада.

Бұған дейін Азаматтық авиация комитеті ҚР Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде 17 ұшақтың және шағын авиацияның 2 әуе компаниясының (Азия Континенталь Авиалайнс және «КАЗАВИА» тәуелсіз әуе компаниясы» ЖШС) қызметі уақытша тоқтатылған болатын. Сондай-ақ, рейстің және техникалық жұмыстардың сапасыз ұйымдастырылуына байланысты 16 әуе компанияның лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік шаралар қабылданған.