Коммуналдық тарифтер құнының өзгеруіне не әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тарифтердің өзгеруіне бірқатар негізгі фактор әсер етеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлім етті.

Фото: gov.kz

Оның айтуынша, тарифтер инфляция деңгейіне сәйкес индексацияланады. Сонымен қатар тарифтердің қалыптасуына стратегиялық тауарлар бағасының өзгеруі тікелей ықпал етеді.

— Жылумен жабдықтау қызметтерінің құнына көмір бағасы тікелей әсер етеді, оның қымбаттауы түпкі тұтынушы үшін тарифтерге ықпал етеді. Стратегиялық тауарларға көмір, мазут және жанар-жағармай жатады, — деді спикер.

Сондай-ақ тарифтерге инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялар мен өндірістік персоналдың еңбекақысын арттыру да әсер етеді.

— Ұлттық жоба аясында 6,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл қаражат 86 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге бағытталады. Нәтижесінде коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі 40 пайызға дейін төмендеуі көзделіп отыр, — деді ол.

Сонымен қатар комитет төрағасы қазіргі таңда елде 62 табиғи монополия субъектісі «қызыл аймақта» орналасқанын айтты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың 8-і «қызыл аймақтан» «сары аймаққа» өткен.

— Жалпы алғанда, 58 субъект «сары аймақта», ал 98 субъект «жасыл аймақта» тұр. Жасыл аймақтағы кәсіпорындардың тозу деңгейі 50 пайыздан төмен, — деп толықтырды ол.

Бұған дейін табиғи монополия субъектілеріне 900 млн теңгеге жуық айыппұл салынғанын жазғанбыз.