Оның айтуынша, қоқыс полигондары елді мекендердің дамуына кедергі болып, азаматтардың өмір сүру сапасын төмендетеді және экологияны нашарлатады, кейде адамдардың денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
Сенатор тұтыну қалдықтарын басқарудың аймақтық жүйесін құруға қаржы бөлу жайында ұсынысын жария етті. Сөйтіп, қалыптасқан толыққанды сала экологияны жақсартуға айтарлықтай қаржылық табыс әкеледі.
«Өнеркәсіп қалдығы мен тұтыну қалдығын басқару жөнінде кешенді шаралар қабылдауды және сол шараларды іске асыру үшін қаржыландыру көзін анықтауды ұсынамыз. Коммуналдық қалдықтар жөніндегі мемлекеттік есеп беруге талдау жасау әрі оның сапасын арттыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу керек. Сонымен қатар, коммуналдық қалдықтарға қатысты жұмыс істеудің өңірлік жүйесін құру және одан әрі дамыту үшін қаржыландыру тәсілдерін айқындау мен оны іске қосу жөніндегі ұйымдастыру шараларын қамтамасыз ету мәселесін қарау әрі пилоттық жобасын белгілеу, сондай-ақ Дүниежүзілік банк ұсынып отырған «Алматы агломерациясының коммуналдық қалдықтарын басқарудың кешенді цифрлық SMART-жүйесі» жобасын іске асыруға жәрдем көрсету қажет», - деді сенатор.