Коммунист Т.Сыздықов президенттікке үміткер болуға лайықты екенін «Біздің күшіміз бірлікте» тақырыбы арқылы дәлелдемек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия алдында Қазақстанның коммунистік халық партиясының атынан үміткер Тұрғын Сыздықов сынақ тапсыруда.

Ол алғашқы кезеңде «Біздің бірлігіміз бірлікте» тақырыбында екі беттік шығарма жазуда.

«Лингвисткалық комиссияға қазақ тіліннен сынақ тапсыруға Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов мырза келіп отыр. Бұл кісі 1947 жылы дүниеге келген. Білімі - жоғары. Ғалым-агроном. Тұрғылықты жері - Көкшетау қаласы. Осы уақытқа дейін бізге өзін-өзі ұсынған азаматтар келген болатын. Бүгін бірінші рет Қазақстанның коммунистік халық партиясы қоғамдық бірлестігі бұл кісіні президенттікке үміткерлікке ұсынып отыр. Банк қызметкері екен», - деді үміткерді таныстырған ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

Сонымен қатар комиссия төрағасы Т.Сыздықовқа мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі үшін үш кезеңнен тұратын сынақ тапсыратындығын атап өтіп, оның шарттарымен жан-жақты таныстырды.

Айта кетейік, Т.Сыздықов 1947 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. 1974 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық жастар одағы жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. 1984 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Ол Ақмоладағы Целингидромаш мекемесінде жұмыс істеген. Әскери борышын өтеп елге оралғаннан кейін кәсіптік-техникалық училищенің комсомол комитетін басқарған. Жоғары партия мектебін бітіргеннен соң Комсомол аудандық партия комитетінің хатшысы, одан кейін бірқатар кеңшардың партия комитетінің хатшысы болып істеді. Чистополь аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған.