Компьютерлік ойындарға сараптама жасалады - депутат
«Біріншіден, балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері айқындалды. Екіншіден, зиянды ақпараттық өнімдердің айналымын тоқтатудың құқықтық жолдары көрсетіліп отыр. Үшіншіден, телерадио және кино өнімдерін эфирде таратудың балаларға қолайлы уақыты белгіленеді. Төртіншіден, компьютерлік электрондық ойындардан балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақсатымен сараптама жасаудың құқықтық мүмкіндігі молынан туғызылды», - деді Бекболат Тілеухан.
Оның айтуынша, мемлекеттік атқару органдарының балаларды зардапты ақпараттық өнімдерден қорғаудағы өкілеттіктер бірнеше рет сараланып отыр.
«Жобаның тағы бір ерекшелігі ретінде айтар болсам, балаларға арналған ақпараттың жекелеген түрлерін таратуға қойылатын қосымша талаптар деген жеке баптың енгізіледі. Осы бапқа сәйкес мектепке дейінгі балалар ұйымдарында балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін пайдаланылатын ақпараттық өнімнің мазмұны мен безендірілуі қадағаланбақ. Дәл осындай бақылау білім жүйесінде де жүзеге асырылады», - деді Мәжіліс депутаты.
Талқылау барысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» ҚР заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды