Компьютерлік томографтарды шығару жөніндегі бірегей жоба мемлекеттік тапсырысқа мұқтаж болып отыр - Ақтөбе
19:20, 19 Қаңтар 2011
АҚТӨБЕ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - 2010 жылы телекөпір арқылы Елбасына таныстырылған, 16 түрлі талдау қызметін атқаратын медициналық компьютерлік томографтарды шығару бойынша Қазақстандағы жалғыз жоба «Ақтөберентген» АҚ мемлекеттік тапсырысқа мұқтаж болып отыр.
Бұл туралы бүгін индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Қамалиевтің қатысуымен өткен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында мәлім болды.
«Осы кәсіпорынды мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ету туралы тапсырма берілген болатын. Бүгінгі таңда бұл мәселенің шешімі табылған жоқ, бірақ жақын арада шешіледі. Тұрақты мемлекеттік тапсырыстың болмауы жобаның толыққанды жүзеге асырылуына кері әсер етеді, Денсаулық сақтау министрлігімен осы жұмысты қолға алғанымызбен, депутаттық деңгейдегі қолдау қажет», - деді өзінің баяндамасында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Роза Кемалова.