Компаниялар қай сала мамандарына жоғары жалақы төлеуге дайын

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жұмыс іздеу және қызметкерлерді іріктеуге арналған HeadHunter онлайн-платформасы жұмыс беруші компаниялардың қанша жалақы төлеуге дайын екеніне шолу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шолу HeadHunter сайтында жарияланған бос жұмыс орындары мен қызмет іздеген азаматтардың түйіндемелері негізінде әзірленген.

Онлайн-платформа мәліметіне сәйкес, биылғы II тоқсанында жұмыс берушілер ұсынған жалақы 1,25 пайызға өскен. Дегенмен бұл - қызметке тұруға ниетті азаматтар үшін аз.

Өйткені, жұмыс іздеушілердің басым бөлігі орта есеппен 295 мың теңге жалақы алуға үмітті.

Ал қазір ұсынылып отырған еңбекақы бұл сұраныстан 17,6 пайызға аз. Яғни, бүгінде еңбеккер іздеген кәсіпорындар 243 мың теңге төлеуге дайын.

Ең жоғары жалақыдан үмітті жұмыс іздеушілер екі қалаға назар қойғаны абзал.

Олар – Нұр-Сұлтан (орташа жалақы 281 мың теңге) және Алматы (орташа жалақы 248 мың теңге) қалалары. Еліміздің басқа өңірлерде жалақы төмен.

Қазіргі уақытта жоғары еңбекақы кеңес беру саласының мамандарында. Бұл салаға риэлтор, деректерге талдау жасау және брокерлер кіреді.

Аталған бағытта қызмет еткісі келетін азаматтарға компаниялар орташа есеппен 520 мың теңге жалақы төлемек. Сондай-ақ, шикізат өндіру саласына (геодезис, инженер, геолог) назар аударған жөн.

Бұл сала мамандарының орташа жалақысы 400 мың теңгеден асады. Бұған қоса IT технологиялармен айналысатын мамандардың жалақысы жоғары.

Тәжірибесіз қызметкерлер үшін орташа жалақы - 220 мың теңге болса, көпжылдық қызмет өтілі бар жұмыскерлерге шамамен 850 мың теңге айлық ұсынылып отыр.