Көмір, газ әлде ЖЭК: Қазақстан электр қуатын өндіруде қай салаға арқа сүйеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі елдің энергия теңгерімі туралы мәлімет жариялады.

Фото: Kazinform

— Энергетика министрлігі электр энергиясын өндірудің түрлі көздерін теңгерімді дамытуға ерекше назар аударып келеді. Бүгінде елдегі электр энергиясын өндірудің негізін көмір генерациясы құрайды. Оның үлесі жалпы электр энергиясы өндірісінің 62,1%-на тең, — делінген министрлік хабарламасында.

Елдің энергия теңгеріміне газ генерациясы да елеулі үлес қосуда. Қазіргі таңда газ электр станцияларының үлесіне электр энергиясы өндірісінің 23,4%-ы тиесілі.

Ірі су электр станцияларының (шағын ГЭС-терді қоспағанда) үлесі 7,5%-ды құрайды. Олар экологиялық таза электр энергиясын өндірумен қатар, энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосады.

Жаңартылатын энергия көздері де тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазір ЖЭК объектілерінің жалпы генерациядағы үлесі 7%-ға жетті.

Фото: Энергетика министрлігі

Ведомство атап өткендей, осылайша, Қазақстанның энергетика саласы энергиямен жабдықтаудың сенімділігін сақтай отырып, генерация көздерін әртараптандыру бағыты бойынша дамып келеді. Қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа энергетикалық нысандар салумен қатар, жаңартылатын энергетиканы, газ генерациясын және гидроэнергетиканы дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл өз кезегінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Бұған дейін Қазақстан энергия тапшылығын жою үшін көмір генерациясын дамытып, «таза көмір» технологиясын енгізуге ден қойып отырғанын жазған едік.