Энергия қуатының 60 пайыздан астамы көмірден өндіріледі
Түсінікті болуы үшін алдымен көмірдің электр энергиясына не қатысы барын айтайық. Әлемде электр қуатын алудың бірнеше дәстүрлі тәсілі бар: көмір, газ, күн, жел, тіпті ағын суды пайдалану жолы белгілі. Балама тәсіл көп болғанымен, мемлекеттер табиғи ресурс пен географиялық орналасуына қарай тиімді әдістің біріне басымдық береді.
Мысалы, Қазақстанда энергия қуатының 70 пайызы көмірдің үлесінде. Өйткені көмірді өндіру жеңіл, тасымалдау оңай, шығыны аз. Оның үстіне сарапшылар біздегі көмір қоры 300 жылға жетеді дейді, бұл – әзірге анықталған дерек қана, көлем бұдан да көп болуы ықтимал. Сондықтан көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары бүтін елді электр жарығымен қамтамасыз етіп отыр.
Жоғарыдағы инфографикаға назар салсақ, көмірден басқа энергия көздерінің жиынтық үлесі 40 пайызға да жетпейді. Демек, жақын арада көмірден бас тарту мүмкін емес деген белгі. Оның үстіне электр энергиясына деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді: кәсіпорындардың көбеюі, дата-орталықтардың бой көтеруі, жасанды интеллект технологияларының енуі негізгі қуат көзіне айналған көмір генерациясын дамытуға түрткі болып отыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну көлемі 30%-ға өсіп, шамамен 150 млрд кВт-сағатты құрауы мүмкін. Қазір елде өндірілетін электр энергиясының қуаты – 123 миллиард киловатт-сағат. Сондықтан Президент V Ұлттық Құрылтай отырысында көмір генерациясын дамытудың ұлттық жоспарын дайындауды тапсырған еді.
– Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын тездету қажет. Оның қай-қайсысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе шешімін таппай, тым созбалаңға түсіп кеткенін мойындау керек. Ал жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе айтамын, – деген еді Мемлекет басшысы.
Президент тапсырмасынан кейін 2026-2030 жылдарға арналғанкөмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілді. Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланып отыр. Оның аясында 2030 жылға дейін 7,8 ГВт жаңа энергия көздерін іске қосу жоспарлануда, оның ішінде 8 жаңа электр станциясын салу және жұмыс істеп тұрған 11 станцияны жаңғырту бастамасы бар.
Жобада тек генерация емес, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған станциялардың тиімділігін арттыру көзделіпті. Алдағы бес жылда ЖЭС-тердің тозу деңгейін 13%-ға төмендету жоспарланып отыр.
«Таза көмір» шикізат па, жоба ма?
Әлем «түтінге тұншыққан» заманда Қазақстанның көмірден энергия алуға ұмтылуы ақылға томпақ дүниедей көрінуі мүмкін. Оның үстіне 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткіземіз деген уәдеміз тағы бар. Сонда Үкімет экологиялық талап пен энергия өндірісін қалай қабыстырмақ?
Мұнда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ара жігін табатын бір жол бар, шешімі – «таза көмір» технологиясы. Мемлекет басшысы бірнеше жыл қатарынан осы технологияны көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарына қолдану керегін айтып жүр.
– Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алдымен «таза көмір» деген не көмір екенін талдап алайық. Оның экология мен өндіріс көлеміне оң әсері бары рас па, аңғару маңызды.
«Таза көмір» – жылу электр орталықтарынан шығатын түтін газдарын көпсатылы тазарту жүйесі. Қарапайым тілмен айтсақ, станцияда көмір барынша тиімді әрі экологиялық талапқа сай жағылуы шарт, кейін мұржа арқылы сыртқа шығатын зиянды заттар сүзіп алынады.
Осы есеппен қарасақ, Қазақстан салып жатқан жаңа электр станциялары бу қысымы мен температурасының аса жоғары (суперкритикалық) параметрлері негізінде жұмыс істейтін болады. Бұл электр энергиясын өндіру тиімділігін 5–6 пайызға арттырып, отын шығынын азайтады. Сонымен қатар атмосфераға тарайтын ластаушы заттардың көлемін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазір энергетика саласында қолданылып жүрген «таза көмір» ұғымы жалпылама сипатта. Оның нақты үлгісі немесе белгіленген талабы жоқ. Дамыған елдер көмірді жағу технологиясы мен сүзгінің өзіндік моделін әзірлеп, көмір қолданылатын ЖЭС-терде пайдалануда.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Абеновтің айтуынша, «таза көмір» технологиясы 6 кезеңнен тұрады.
– «Таза көмір» технологияларының негізгі мақсаты – көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының пайдалы әсер коэффициентін (ПӘК) 35 %-дан арттыру және маркерлік ластағыш заттар шығарындыларын азайту. Осы мақсатта қолданылатын технологияны бірнеше сатыға бөлуге болады: көмір өндіру, алдын ала дайындау және байыту; жоғары тиімді жағу (ПӘК-ті арттыру); газдандыру; түтін газдарын терең тазарту; көміртекті ұстау, пайдалану және сақтау; өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату, – деп түсіндірді маман.
Министрлік ұсынған 2026-2030 жылдарға арналған көмір генерациясын дамытудың ұлттық жобасында «таза көмір» басты бағыт ретінде қарастырылған. Жаңа жылу электр станциялары «таза көмір» технологиясы негізінде жасалатыны түсінікті, оған қоса қолданыстағы станцияларды жаңарту кезінде тың технологияны енгізу жоспары бар. Министрліктің мәліметінше, станцияларды таза көмірмен қамту үшін көмір өндіруші компаниялар жаңа технологиялармен жабдықталатын болады, ал қатты ескірген нысандар заманауи энергетикалық блоктарға кезең-кезеңімен ауыстырылады деп отыр. Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындылар 35 пайызға азайтылмақ.
Орталық Азия су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі платформаның үйлестірушісі Болат Есекин көмір генерациясына арналған жобаларды жоғары бағалап отыр. Оның айтуынша, ЖЭО-лардағы зиянды шығындыларды азайту Орталық Азия елдері үшін ортақ мәселе болуы керек.
– Бастапқы өзгеріс Экологиялық кодекстен көрініс тапты. Онда климат өзгерісіне бейімделудің арнайы тетіктері қосылған болатын. Өйткені қазір климат өзгерісі барлық жобалардың қозғаушы күші десек, артық емес. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика салалары бар. Демек, климат өзгерісінің жаһандық қатер екенін түсініп келеміз, – дейді сарапшы.
Ара-жігін ажыратып алу үшін нақтылайық, жаңа технология көмірді көміртексіз отынға айналдырмайды. Бар болғаны электрофильтрлер шаң мен күлді ұстап қалып, ылғалды десульфуризация күкірт диоксидін (SO₂) шаяды. Ұлттық жобаның сипаттамасында да электрлі сүзгілер, азот оксидтерін каталитикалық тотықсыздандыру және ылғалды десульфуризация туралы ғана айтылған.
Жылу электр орталықтарының 61 пайызы тозған
Жаңа технологиялар қаншалықты тиімді болғанымен, оны қазіргі қолданыстағы ЖЭО-ларға енгізу оңай емес. Көп ЖЭО-ның салынғанына жарты ғасырға жуықтады әрі инфрақұрылым модернизацияны көтермеуі мүмкін. Сондықтан «таза көмірге» қатысты бар үміт жаңа нысандарға жүктелген.
Жалпы жыл сайын елдегі жылу электр орталықтарын жөндеу қарқын алып келеді. Өткен жылы 5 ЖЭО «қызыл» аймақтан «сарыға», ал 3 ЖЭО «сарыдан» «жасыл» аймаққа ауысқан. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 5 жыл ішінде 1,6 мың шақырым жылу желісі мен 78 мың шақырым электр желісі жаңартылады. Нәтижесінде 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозуы – 52 пайыздан 42 пайызға, ал электр желілерінің ескіру деңгейі – 74 пайыздан 45 пайызға төмендеуі ықтимал.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасы Сәкен Қалқамановтың пікірінше, ескі станциялар сенімсіз, тиімділігі төмен және төтенше жағдайлар жиі орын алады.
– Бүгінде елдегі қолданыстағы энергетикалық блоктардың тозу деңгейі шамамен 66 пайызға жеткен. Ал жылу электр орталықтарының 76 пайызының пайдалану мерзімі 45 жылдан асып кеткен. Бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыру қажет, – дейді сарапшы.
Қазақстан Қытай технологиясын әкеле ме?
Бұрын айтып өткеніміздей, әлемде «таза көмір» технологиясының нақты үлгісі жоқ, әлем елдері түрлі бағытта жұмыс істеп келеді. Соның ішінде Қытай экологиялық таза энергия өндіру саласында технологиялық серпіліс жасай білді. Мемлекет басшысы да Үкіметке Қытайдың «таза көмір» технологиясы тәжірибесін қолдануды ұсынған болатын.
Ол қандай тәжірибе? CHN Energy таратқан мәліметке сүйенсек, Қытай көмір электр станциялардағы таза сутегінің үлесін 50 пайызға дейін жеткізген. Болашақта отынды толықтай, яғни 100 пайыз сутегімен жағу технологиясын енгізбекші.
Жүйе сутегі мен көмірді бірге жағуға арналған төмен азотты оттық технологиясы негізінде жұмыс істейді. Ол сутегіні тасымалдаудан бастап қазандықты жағуға дейінгі барлық кезеңді бақылайтын қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Технология қазандық ішінде сутегі мен ұнтақталған көмірді араластырып, толық жануын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде жылу өндіруге сутегінің 50 пайызы пайдаланылады. Осылайша, көмір тұтынуы мен көміртегі шығарындыларын 50 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
«Қазақстанның энергетикалық жабдық өндірушілері, энергетикалық жөндеу, жобалау және инжинирингтік компаниялары қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Сергей Агафоновтың пікірінше, «таза көмірдің» қытайлық тәжірибесін қолдану оңай болмайды.
– Әрине, бізге Қытайдың технологиясы қажет, олар бұл салада көш ілгері. Бірақ көршіміздің «таза көмір» технологиясы қандай сипатта импортталатыны басы ашық күйінде қалып отыр. Олай дейтінім, егер Үкімет Қытай технологиясын жай ғана қолдануға рұқсат алумен шектелетін болса, онда жобаның келешегі күмәнді. Себебі мұндай жағдайда технологияны толық игеру, оны дамыту және одан ұзақмерзімді пайда көру мүмкіндігі шектеулі болады.
Бізге керегі тек «таза көмір» технологиясын импорттау ғана емес. Оны өзімізге лайықтау, яғни локализациялау қажет. Міне, дәл сонда ғана бұл барынша тиімді нәтиже береді, – деп талдады Сергей Агафонов.
Сарапшы «таза көмір» технологиясы арзан тұрмайтынын айтты. Технологияны ЖЭО-ларға енгізу, шикізат, технология импорты, құрылыс – бәрі дәстүрлі ЖЭО-ға кететін шығыннан едәуір қымбат. Сондықтан маман құрылысы басталады деп сүйіншілеген нысандардың қаржыландыру көзін әрі өз-өзін ақтау уақытына мұқият болу керек деген ойда.
Бүгінде елге келетін инвестицияның 19%-ы және ЖІӨ-нің 16%-ы отын-энергетика кешеніне тиесілі. Сол себепті көмір генерациясын дамыту өнеркәсіпке дем беріп, цифрлық экономика мен жасанды интеллект технологияларын ілгерілету үшін энергетикалық негіз болары анық.