Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу: 18 жол картасы әзірленіп жатыр

Коллаж: Kazinform / DALL-E

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060-шы жылға дейінгі стратегиясы аясында 18 бағытта жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Климаттық саясат департаменті Климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының жетекшісі Шаттық Тастемірова айтты.

«Өткен жылы ақпан айында осы стратегия (Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы – ред) бекітілген болатын. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі осы стратегияны жүзеге асыру бойынша жол карталарын әзірлеп жатыр. Бізге түскен соңғы мәлімет бойынша, энергетика, көлік саласы секілді түрлі бағыттарды қамтитын 18 жол картасы жасалуда. Осы стратегияның мақсаттарына қол жеткізу үшін арнайы жұмыс топтары құрылған. Оған біздің министрлік те, Ауыл шаруашылығы министрлігі де, Су ресурстары және ирригация министрлігі де – әр ведомство өз бағыты бойынша жұмыстарға қатысады. Қателеспесем, алдағы жылы Ұлттық экономика министрлігі осы жол карталарын ұсынатын болады», - деді ол СOP29 саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан COP-тың келесі жиынына дейін жаңа Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті әзірлеуі керек екенін жазған едік

Сондай-ақ, Қазақмыс корпорациясы Балқаш көлінің экологиялық ахуалын зерттеуге 5 млн АҚШ долларын бөлетіні белгілі болды.