Халықаралық конькимен сырғанау одағы әлем кубогының төрт кезеңінің қорытындысын жасап, 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жолдамаларын тапсырды. Нәтижесінде Қазақстанға коньки тебу спортынан 10 жолдама бұйырды.
Оның үшеуін 500, 1 000 және 1 500 метр қашықтықта Екатерина Айдова жеңіп алды. Ал ерлер арасында Роман Креч және Федор Мезенцев - 500 метр, сондай-ақ, Федор Мезенцев, Палкин Станислав және Денис Кузин - 1 000 метр қашықтықта Олимпиадада ел намысын қорғайды. Ал Денис Кузин мен Федор Мезенцев тағы да 1 500 метр қашықтықта өнер көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, Кузин, Крейч және Айдова Ванкуверде және Сочиде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан болатын.