АСТАНА. ҚазАқпарат – Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, командалық спринтте Алёна Лифатова, Арина Ильященко, Алина Дауранова және Кристина Шумекова квартеті күміс жүлдегер атанды.
Нидерланд құрамасы мəреге бірінші келсе, Италия үздік үштікті түйіндеді.
Жалпы, спринт жарысына 11 құрама қатысты. Олар: Германия, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Оңтүстік Корея, Латвия, Нидерланд, Норвегия, Польша, АҚШ.
Өткен жылы Инсбруктегі əлем чемпионатында еліміздің қыздар құрамасы (Алина Дауранова, Инесса Шумекова, Дарья Гаврилова) командалық спринтте 3-орын алған еді.
Осыған дейін Германиядағы додада Алина Дауранова 500 (қола) және 1000 метрде (күміс) жүлде жеңіп алған.
Қазір ұлттық құрама қоржынында 2 күміс пен 1 қола бар. Дүниежүзілік дода бүгін мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын конькиші Алина Дауранованың әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Фото Спортты дамыту дирекциясының инстаграм парақшасынан алынды
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).