Қонаев әкімдігі жабайы сауда орындарымен қалай күреспек

Фото: Фото: Қонаев әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевта заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі қолданылады. Бұл туралы шаһардың белгіленбеген орындарда сауда жасайтындармен кездескен қала әкімі Асхат Бердіханов айтты.

Фото: Қонаев әкімдігі

Абай көшесінің бойында заңсыз сауда жасайтындар әкімнен күнкөріс көзінен айырмауды сұрады.

Шаһар басшысы болса, әкімдіктің ұстанымын түсіндіріп, оларға бірнеше талап қойды.

Фото: Қонаев әкімдігі

«Бұған дейін сіздерге «Айша сити» базарында 6 ай, «Жетісу» базарында 3 ай тегін сауда жасау үшін орындарды дайындап бердік. Тұтынушы аз болатынын алға тартып, бармадыңыздар. Қазір қала үлкейіп, күннен-күнге дамып келеді. Мәселені бір жағына шығаруымыз керек. Абаттандырылып, әдемі болып тұрған көшенің келбетін заңсыз сауда орындары бұзып тұрғанын бәріміз түсінуіміз қажет», - деді Асхат Бердіханов.

Сонымен қатар ол тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтті.

«Тұрғындар аулада сауда жасайтындар қоқыстарын тастап кететінін, аяқ алып жүре алмайтындай жағдай туғанын айтып, жиі шағымданады. Сіздердің қамдарыңызды ойлап, проблемаға біржақты қарауға болмайды», - деді шаһар басшысы.

Фото: Қонаев әкімдігі

Әкім түйткілді шешу үшін «Айша сити» базарының алдына дүңгіршектер қойылатынын жеткізді.

«Әкімдік барлық тұрғынның қамын ойлайды. Сол үшін сіздерді тыңдай келе, базардың алдынан дүңгіршектер орнатуды жөн көріп отырмыз. Бірақ, бизнес орындары қойылғанда сіздер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп, жұмыс жасауларыңыз қажет», - деді әкім.

Фото: Қонаев әкімдігі

Базар басшылығына жаңадан салынып жатқан нысанды бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес етіп жасауды тапсырды.