Қонаев-Алматы бағытындағы пойыз: сұраныс қандай және баға өзгерді ме

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2022 жылдың қарашасында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қонаев-Алматы бағытындағы пойыз жолға шықты. Осы екі жыл ішінде қандай өзгерістер болды, жолаушылар саны артты ма, жол жүру ақысы қанша? Бұл сауалдарға Кazinform тілшілері жауап іздеп көрді.

Фото: Alexandr Pavskiy/Kazinform

2022 жылдың 11 қарашасында Қонаев-Алматы бағытында алғашқы 6906/6907 қалааралық пойызы жолға шықты. Сол кезде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі дизельді теміржол пойызы күн сайын Қонаевтан сағат 06.00-де, Алматы стансасынан кері қарай сағат 19.00-де жүретінін хабарлаған еді. Жол жүру уақыты — 1 сағат, 17 минут. 

«Қазір пойыз 11 темір жол стансасын қамтиды, оның ішінде Қонаев, Алматы-1 және Алматы-2 стансасы бар. Күніне 3 вагон жүреді, жалпы орын саны 156. Кесте келесідей: Қонаев қаласынан тағы сағат 05:27, Алатау қаласынан 05:56, Алматы-2 — 07: 15 келеді. Кері бағытта: Алматы-2 стансасынан сағат 18:40 жөнелтіліп, Қонаев қаласына сағат 20:30 жетеді. Жол жүру ақысы ересек адамдар үшін 500 теңге, балаларға 250 теңге (50% жеңілдікті қосқанда). Бұл бағыт бойынша күніне орта есеппен 50-60 жолаушы жүреді. Жазда жолаушылардың көбеюіне байланысты вагондар саны 6-ға дейін артады», — деп жауап берді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аталған жолаушылар пойызына «Тұран Экспресс» ЖШС қызмет көрсетеді. Пойыз дизельдік отынмен жүреді, жылдамдығы 80 км/сағ дейін жетеді.

Бұрын бір жаққа жол жүру ақысы 450 теңге болатын.

Еске салайық, 2022 жылдың қазан айында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы халқымен кездесуінде облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру — басты басымдықтың бірі екенін атап өткен болатын.

Бір айдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып, Қонаев-Алматы бағытындағы пойыз іске қосылды.