Қонаев қаласында 4 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев әкімдігінің жер қатынастары бөлімі қалада 4 064 гектар жер мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. 

Әкімдік мәліметінше, жыл басынан бері сот шешімімен 3 395,2 гектар жер қайтарылса, өз еркімен жерді иелену құқығынан бас тарту бойынша 668,9 гектар жер мемлекетке берілді. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 930 гектар жер учаскесі туралы іс сотта қаралып жатыр. 

Сондай-ақ Қонаев әкімдігі егін шаруашылығын жүргізу үшін 130 га жер учаскелеріне конкурс өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.

– Бұл жерлер 10 жылға жалға беріледі. Конкурсты өткізу туралы хабарлама мерзімді басылымдарда, сондай-ақ әкімдіктің ресми сайтында, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады, - деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін СҚО-да биыл прокурорлардың араласуынан кейін 49 мың га жер қайтарылғанын жазғанбыз.