Қонаев қаласында еңбек адамдарына арналған муралдар пайда болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Қонаев қаласында «Еңбек адамдарына» арналған 3 мурал салынып жатыр. Жұмысшы мамандықтардың құрметіне салынып жатқан муралдар 1 аптаның ішінде толық аяқталады.
Жалпы Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Дінмұхамед Қонаев, Абай Құнанбайұлы, Әл-Фараби секілді тарихи тұлғалардың және құтқарушыларға, бірлікке арналған муралдар бар. Олардың қатарына енді дәрігерлерге, полицейлерге және тазалық қызметкерлеріне арналған муралдар қосылмақ. Бұл жұмыс қаладағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үй қасбеттерін жөндеу жұмыстары аясында жүргізіліп жатыр.
Жалпы Қонаевта 295 көпқабатты тұрғын үйдің 40-ы шатырын, 165-і қасбетін жөндеуді қажет етеді. Биыл жылдың аяғына дейін 13 үйдің шатырын жөндеп, 15 үйдің қасбетін сырлау жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Семейде полиция қызметкерлеріне арналған мурал пайда болғанын жазғанбыз.
Тамыз айында Астанада шекарашыларға арналған мурал ашылды.