Қонаев қаласында «Жаңа Іле» атты туристік аудан ашылады

Қонаев қаласында келешекте «Жаңа Іле» атты туристік аудан ашылады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Видеодан кадр

«Әдетте қаржы бөлініп, жаңа қала салынғанда ескі қала елеусіз, ескерусіз қалып, тозып кетуі қалыпты жағдайға айналды. Мысалы Семейде «Ескі Семей», «Жаңа Семей» бөліктері бар, Астанада оң жағалау мен сол жағалау пайда болды. Сіз осындай қателіктерді қайталамайсыз ба? Тұрғындардың бұл уайымы орынды сияқты», - деді бағдарлама жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан.

Өз кезегінде облыс әкімі Қонаев қаласының дамуының екі кезеңі бар екенін айтты. Қаланың қазіргі аумағында барлық әкімшілік ғимараттар салынады.

Фото: Видеодан кадр

«Бізде «Жаңа Іле» деген аумақ бар, ол перспективада, екінші кезекте тұр. Қазір Қонаев қаласы тұрған жерді толық абаттандырудан өткізіп, әкімдік, полиция бөлімшесі, әлеуметтік ғимараттар сынды нысандарды сонда тұрғызамыз. Өйткені халық сонда тұрып жатыр. Онда игеретін жер де көп, жасалатын жұмыс та көп. Кейіннен Қапшағай жағалауы бар, оны да бірінші кезекте абаттандыруды бастадық. Бұл жұмыстардың бәрі біткен соң келесі кезеңде «Жаңа Іле» аумағын дамыту басталады. Онда әкімдік ғимараттары болмайды, демалыс орындары, қонақ үйлер, спорт кешендері, тұрғын үйлер болады. Алматылықтар сол жерге келіп, толық демалып кететіндей туристік орталық болады», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Бұған дейін Алматы облысының әкімі мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын 13 мыңға көбейетінін, өңірде баспана салу көрсеткіші де артып келе жатқанын айтқан еді.

Сондай-ақ, облыстың 4 пайызға жетпейтін жерінде ғана су үнемдейтін технологиялар қолданылады. Енді өңірдің өзінде су үнемдеу аппараттарын шығаратын зауыттар ашылмақ.