Қала әкімдігінің мәліметінше, Қойшыманов көшесінде жаңа қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары басталды. Жоба аясында газон төсеу, автоматты суару жүйесін орнату, сәндік ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызу, орындықтар, әткеншектер орналастыру көзделген.
— Кеңістік экологиялық, функционалдық және эстетикалық талаптарға сай жасақталады. Мұндағы басты нысан — «Өмір ағашы» атты арт-нысан болмақ. Ол Алтын адам киім үлгілерінің элементтері бейнеленген тас құрылым түрінде орындалады. Қасында осы бейнелердің тарихи маңызын баяндайтын QR-код орнатылады, — деп хабарлады Қонаев әкімдігі.
Сонымен қатар сквер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болмақ. Мұнда жаяу жүргінші жолдары, фото-аймақтар, қоршау мен аркалық құрылымдар да жасалады.
Еске салайық, Алматыда Президент резиденциясының орнындағы саябақ құрылысына 2,2 млрд теңге жұмсалатынын жазғанбыз.