Қонаев қаласының әкімдігі облыс орталығы шекарасының өзгеруіне байланысты мәлімдеме жасады

Қонаев қаласының әкімдігі облыс орталығы шекарасының өзгеруіне байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Александр Павский/Kazinform

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала әкімі Нұрлан Құматаев Заречный ауылдық округінің (Заречный, Арна ауылдары) 9757 гектар жері G4 Сity жобасының құрамына енуіне байланысты тұрғындар негізсіз қауіптенгенін айтты.

Әкімнің айтуынша, аталған өзгерістер халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсер етпейді. Себебі тұрғындар қазіргі әлеуметтік және әкімшілік орталықта қызмет алатын болады.

«Мұндай өзгерістер G4 Сity жобасының жүзеге асуы үшін жасалып жатыр. Біз ауылдық округ тұрғындарына әлеуметтік және әкімшілік қызметтер көрсетуді ары қарай жалғастыра береміз. Оның үстіне қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметті электронды үкімет порталы арқылы алуға болады. Балаларды балабақшаға кезекке қою, мектепке оқуға беру, барлығы да электронды формада реттеледі. Ауыл халқының тыныс-тіршілігі үнемі назарда», - деді Нұрлан Құматаев.

Сондай-ақ Қонаев қалалық көпсалалы аурухананың директоры Айман Ракишева Заречный ауылдық округінің тұрғындары алдағы уақытта Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі медициналық мекемеде ем қабылдайды деген пікірді теріске шығарды.

«Заречный ауылдық округінің тұрғындары ары қарай да біздің ауруханада емделеді. Атап өту керек, Заречный ауылында өзінің дәрігерлік амбулаториясы бар. Бізге жүгінген әр науқасқа толыққанды медициналық көмек көрсетіледі», - деді аурухана басшысы.

Айта кетейік, 31 қазанда қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХІІІ сессиясы өтті. Жиында Қонаев қаласы мен Алматы облысындағы ауылдық округтердің шекарасын өзгерту туралы мәселе қаралған болатын.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Алматы облысындағы G4 City қаласын дамытуға қатысты тапсырма берген болатын. 

Кейін Үкімет қаулысымен 2048 жылға дейінгі кезеңге Алматы облысында ауданы 30 мың га G4 City арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылған еді.