Қонаев қаласын дамытуға республика бюджетінен 1,4 трлн теңге бөлінеді

Қонаев қаласын дамыту үшін 5 жылда 4 трлн теңгеден астам қаражат тарту көзделіп отыр. Оның 1,4 триллионы республикалық бюджеттен бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында Қонаев қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023 - 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарында айтылған.

Жобадағы 4 трлн 64 млрд 631 млн теңгенің 1 трлн 401 млрд 228 млн теңгесін республикалық бюджеттен, 305 млрд 259 млн теңгесін қарызға, 213 млрд 338 млн теңгесін мемлекетік бюджеттен, 62 млрд 440 млн теңгесін ішкі қарыздан, 2 трлн 82 млрд 366 млн теңгесін басқа көздерден тарту жсопарланған.

Бұл қаражатқа мына мәселелерді шешу жоспарланған:

- ірі сауда орталықтары мен тұрмыстық қызмет көрсету объектілерін ашу;

- оқушылар орындарының тапшылығы;

- заманауи медициналық мекемелердің болмауы, дәрігер тапшылығы, медициналық ұйымдардың жарақтандыру;

- мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, мәдени-демалыс ұйымдары мен спорт ғимараттарын салу;

- көшелерге күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жүргізу;

- инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңа тұрғын алаптары мен шағын аудандарына, Шеңгелді және Арна ауылдарындағы жаңа алаңдарға жеткізу;

- үйлердің, ғимараттардың қасбеттерін ағымдық жөндеу, көшелерді, аулаларды, скверлерді, жағажайды күтіп ұстау және абаттандыру;

- ойын-сауық және демалыс саябақтарын/скверлерді, бульварларды және т.б. салу, жөндеу жүргізу;

- газбен жылытуға көшу үшін қазандықты кеңейту (халықтың 75,2%-ы жылуға зәру);

- Заречный, Арна, Шеңгелді, Қосқұдық және Ақөзек ауылдарында электр желілерін жөндеу және жаңалау;

- су құбырларының тозуы – 80%, кәріз желілерінің тозуы – 100%, жылу желілерінің тозуы – 40%, газ құбырларының тозуы – 55%;

- жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 25,5 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда.