Қонаев қаласында Антикордың араласуынан кейін зауыт іске қосылды

Фото:
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Қонаев қаласында Антикордың араласуынан кейін зауыт іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің мәліментінше, кәсіпорынға «Алатау жарық компаниясы» тарапынан кедергілер болып, мекеме жұмысын бастай алмаған.

«2018 жылдан бастап «АЖК» АҚ монополисті «ПромСтрой Қапшағай» ЖШС зауытын электрмен жабдықтауға қоспай, бизнеске жасанды кедергі жасады.

Мәселен, «ПромСтрой Қапшағай» ЖШС 2022 жылы 18 тамызда қуаты 2411 кВт электрмен жабдықтауды қосуға техникалық шарттар алған. Алайда, «АЖК» АҚ өкілдері зауытты электрмен жабдықтауға қосуға асықпады.

Кәсіпкер Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жүгінгеннен кейін осы мәселе бойынша талқылауға бастамашылық жасалды.

Нәтижесінде зауытты бастапқы іске қосу үшін жеткілікті 300 кВт электр энергиясына қосу мәселесі шешілді«,- делінген ведомствоның хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бүгінгі күні зауытта алғашқы жұмыстар басталды. Қаланың 60 жергілікті тұрғыны жұмысқа орналасты.


Соңғы жаңалықтар