Қонаев музейінде ерекше мерекелік шара ұйымдастырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Халықаралық музейлер күніне орайластырылған Музей түні акциясы аясында Д. А. Қонаев музейінде ерекше кешенді мерекелік шара ұйымдастырылды.

Бұл жолы музей қызметкерлері Дінмұхамед Қонаев өмір сүрген кеңес заманындағы адамдардың бос уақыттағы демалысын инсталляциялық әдіспен суреттеуге тырысты. Яғни, музей ауласына арнайы би алаңы жасалып, ол жерге кеңес заманына тән телефон-автомат, бағдаршам, афиша және басқа да кеңес заманына тән бұйымдар қойылды. Сол кездегі танымал әндер шырқалып, сол кездегі би әуендері орындалды.

«ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Димаш Ахметұлы Қонаевтың немере қарындасы Жаннет Серікбаева бұл шараға дайындық бірнеше аптаға созылғандығын айтты.

«Димаш ағаның өмірі кеңес заманына тұспа-тұс келді ғой. Міне біз сол кезеңді, сол кезеңнің ахуалын беруге тырыстық. Тіпті «Қазақфильм» киностудиясының көмегімен өзіміз де бүгінгі шара барысында кеңес заманына тән киімдерді киіп жүруді ұйғардық», - деді Ж. Серікбаева.

Сонымен қатар, Жаннет апа Димаш Ахметұлы жайында естеліктерімен бөлісті.

«Димаш аға туралы сағаттап әңгімелеуге болады. Ол бір ерекше мейірімді жан болатын. Ол кісінің әдептілігі, сөйлеу мәнері ғажап еді. Өзінің туыстарына ерекше қамқорлықпен қарайтын. Әсіресе, балаларды ерекше жақсы көретін, еркелететін. Жаз болса, Бутаковка шатқалында бір кішігірім саяжайды өз ақшасына жалға алып, жаз айларында сонда барып тұратын. Димаш ағаның бір інісі (Асқар Қонаев) және жеті қарындасы болды ғой. Мен бесінші қарындасы - Найля Ахметқызының қызымын. Сонда бүкіл немере інілері мен немере қарындастарын қасына жинап алушы еді. Біз жаз бойы сол саяжайда өмір сүретінбіз. Саяжайға кезінде сол кездегі мемлекет қайраткерлері Алексей Косыгиннің, Леонид Брежневтің келгенін білемін. Тіпті, Леонид Ильичтің мені тізесіне отырғызып, бір қорап конфет сыйлағыны әлі есімде», - деді Ж. Серікбаева.