Алматы облысының табиғатты қорғау полициясы Қапшағай су қоймасының ластану фактісін анықтады. Жағалаудағы демалыс аймағында орналасқан үйлердің бірінің тұрғыны су қоймасына мотор майын төккен.
— Табиғатты қорғау қызметкерлері экологиялық құқық бұзушылықты растайтын дәлелдер жинады. Іс материалдары одан әрі қаралып, тәртіп бұзушыға қатысты шара қолдану үшін Алматы облысы бойынша экология департаментіне жолданды, — деп хабарлады полициядан.
Ведомстводан атап өткендей, су ресурстарын ластаған азамат әкімшілік жауапқа тартылады.
— Су ресурстарын ластағаны үшін бұзушыға 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл, 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қырық тәулікке қамаққа алу түрінде жаза төніп тұр, — делінген хабарламада.
Осыған дейін Қапшағай жағажайларынан күніне 100 тоннаға жуық қоқыс шығарылатыны туралы жаздық.
Айта кетейік, биыл Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толды.