ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тексеру Қонаев қаласы әкімдігінің ресми хаты негізінде жүргізілген. Нәтижесінде жергілікті Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті заң талаптарын бұзған субъектілерге анықталған кемшіліктерді 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жою туралы нұсқама берді.
Әкімшілік шаралармен келіспеген «Market Giant» ЖШС Қонаев қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотына шағымданған.
– Бір айға созылған сот процесінің қорытындысы бойынша серіктестіктің талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылып, Департаменттің қаулысы өз күшінде қалды, – делінген министрлік ақпаратында.
Сонымен қатар заңнамаға сәйкес компанияның сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқығы бар.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Алматы облысында 60 сауда базары тіркелген. Қазіргі уақытта олардың тоғызында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы республика бойынша 588 сауда базары бар. Оның 366-сы – әмбебап сауда базары. Бүгінге дейін 189 базар жаңғыртудан өткен, тағы 67 нысандағы жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қалған 110 сауда базары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келеді.
Сауда базарларын жаңғырту бірнеше жылдан бері кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. 2021 жылға дейін 84 базар жаңартылса, 2021 жылы – 4, 2022 жылы – 33, 2023 жылы – 19, 2024 жылы – 16, ал 2025 жылы 33 сауда базары жаңғыртылған.
ҚРПремьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бекіткен Жол картасы бойынша 2025 жылы 100 сауда базарын жаңғырту жоспарланған еді. Алайда бірқатар нысанда құрылыс және ұйымдастыру жұмыстары аяқталмағандықтан, жобаларды іске асыру мерзімі қайта қаралып, оларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау белгіленді.
Осыған байланысты өңірлерде жаңартылған Жол карталары бекітіліп, жергілікті атқарушы және бейінді мемлекеттік органдар тарапынан жобалардың орындалуына бақылау күшейтілді.
Қазіргі уақытта 33 сауда базарында жаңғырту жұмыстары толық аяқталған, тағы 58 нысанда жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Барлық жоспарланған жұмысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Сауда базарларын жаңғырту аясында инфрақұрылымды жаңарту, заманауи сауда стандарттарын енгізу, санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту, қолма-қол ақшасыз төлемдерді кеңейту, кәсіпкерлер мен тұтынушыларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр.
Айта кетейік, Алматыда «Байсат» базары аукционда 24 млрд теңгеге сатылды.