Қонаевта дауыл салдарынан 30 тұрғын үй мен 40 км электр желіге зақым келген
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевта коммуналдық және жедел қызметтер қатты соққан желдің салдарын жою үшін күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр.
Қонаев әкімдігі қалпына келтіру шаралары толықтай қала әкімдігі есебінен жүргізілетінін атап өтті. Қазір жедел штаб құрылып, апат салдарын жоюға 300-ден астам адам мен 60-тан аса арнайы техника жұмылдырылды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шамамен 30 тұрғын үйдің шатырына зақым келген. Сондай-ақ қатты жел салдарынан 40 шақырымға жуық электр желісі зақымданған. Қазіргі таңда ақаулар толықтай қалпына келтірілді.
- Табиғи құбылыстың салдарынан зардап шеккендер жоқ, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп тіркелмеді. Жедел штаб құрылып, барлық қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардан түскен барлық өтінімдер бақылауда, бірде-бір мекенжай назардан тыс қалмайды. Қала тұрғындарын ауа райы болжамдары мен Құтқару қызметінің ескертулерін қадағалауға шақырамыз, – деді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов.
Құтқару қызметі алдағы күндері желдің екпіні секундына 17–22 метрге дейін күшеюі мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Еске салайық, Қонаевта 8 ақпаннан 9-ына қараған түні 27 м/сек жылдамдықпен жел соққан. Оның салдарынан инженерлік желілерде ақаулар болып, тұрғын үйлердің шатыры ұшқан және жеңіл конструкцияларға зақым келген.
Сондай-ақ Алатау қаласының әр аумағында қатты желден инфрақұрылым зақымданған.