Қонаевта қуатты құрылымдардың мергендері арасында жарыс өтті

Фото: Қорғаныс министрлігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласында Gas Gun Competition PRS (снайпинг) дисциплинасы бойынша Алматы облысының Кубогы өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті.

Жарыс әртүрлі қашықтықта және түрлі позициялардан ату жаттығуларын қамтыды. Турнирге Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігінің Арнайы операциялар күштері, Ұлттық ұлан бөлімшелерінің мергендері, сондай-ақ құралайды көзге атқан әуесқой мергендер қатысты. Жарыс төрт бағыт бойынша өткізілді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

— Мергендер дәлдікті, атыс дағдыларының тұрақтылығын, шектеулі уақытта жұмыс істеу қабілетін, қашықтықты жылдам бағалап, әртүрлі жағдайда оқ ату бағытын түзету шеберлігін тексеруге бағытталған практикалық жаттығулар кешенін орындады. Сынға түскен мергендер жоғары техникалық дайындықты, заманауи жоғары дәлдікті ату әдістерін меңгеруді және барынша жинақылықты көрсете білді. Нәтижесінде «жартылай автоматты карабин» класында жүлделі орындардың барлығын Қорғаныс министрлігінің Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері иеленді, — делінген хабарламада.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Мергендер сайысы әскери қызметшілер мен күштік құрылым қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, сондай-ақ кәсіби және азаматтық атқыштар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етті.

Бұған дейін десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік әзірлігі тексеріліп жатқанын жаздық.