Қонаевта мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевта шығып қалған мәслихат депутатының орнына халық қалаулысын сайлау өтіп жатыр.
Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, жалпы 2 650 адам дауыс беруі тиіс. № 951 сайлау учаскесінің төрайымы Айгүл Ақтанова сайлауда ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтты.
Ең бірінші болып дауыс бергендерге сый-сияпаттар табыс етілді. Бұл жолы сайлауға алғаш рет 14 адам қатысып отыр. Олардың бірі – Арманжан Орынтай.
«Жақында 18 жасқа толдым. Бүгін сайлауға бірінші рет қатыстым. Әр саяси науқан – елдің ертеңін шешеді. Сондықтан халық мұндай шаралардан қалмауы тиіс . Бүгін сайланған депутат жұрттың мәселесін шешуде көп еңбек сіңіретініне сенемін», - деді ол.
Сондай-ақ қала тұрғыны Сәуле Сарсабекова да сайлау жөнінде пікір білдірді.
«Осы уақытқа дейін Президент сайлауына да, депутаттарды да сайлауға қатыстым. Ел таңдау жасаған жерде болашақтағы мақсат-мүдделер айқындалып, келешекке сенімділік артады. Өзім ғана емес, отбасыма да сайлаудың мән-маңызын түсіндіріп отырамын. Жұмылған жұдырықтай әрекет етсек қана талай түйін тарқатылады. Бүгін сайланған депутат өз ісіне берік азамат болады деп үміттенемін», - деді ол.
Айта кетейік, депутаттыққа үміткер ретінде 3 азамат тіркелген. Олар:
1. Нұрқадыров Серік Нұрқадырұлы – 1975 жылы туған, Алматы облысы мәслихатының аппарат басшысы. Қонаев қаласының тұрғыны, ұлты – қазақ, «АMANAT» партиясы ұсынды.
2. Чимчиков Быржан Құрманжанұлы – 1967 жылы туған, «Қапшағай АТО» ЖШС директоры, ұлты – қазақ, кандидат өзін-өзі ұсынды.
3. Каплюков Игорь Николаевич – 1966 жылы туған, өзін-өзі жұмыспен қамтушы, Қонаев қаласының тұрғыны, ұлты – орыс, өзін-өзі ұсынды.