Қонаевта су желісіне қатысты мүлік дауы шықты: депутат прокурормен кездесті

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысына барған Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Қонаев қаласының прокуроры Жәнібек Жақаевпен кездесті. Талқылаудың негізгі тақырыбы «Қапшағай-Алтын Алма» тұтынушылық бақша кооперативінің (ТБК) төңірегінде біраздан бері жалғасып жатқан мүлік дауы, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылым объектілерін басқарудағы заңсыз делінген кейбір әрекеттерге қатысты мәселелер болды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Кездесуде бірнеше жылдан бері өздерінің мүлік құқығы бұзылғанын айтып жүрген кооператив мүшелерінің өтініштері қаралды. Талқылауға қалалық полицияның, жергілікті әкімдіктің ішкі саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының өкілдері, сондай-ақ «Қапшағай-Алтын Алма» тұтынушылық бақша кооперативінің мүшелері қатысты.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

«Қапшағай-Алтын Алма»ТБК өкілдерінің айтуынша, дау кооператив мүшелерінің қаражаты есебінен салынған және күтім жасалған, ұзындығы 3 600 метрге жуық су желісіне қатысты болып отыр. Кейіннен аталған нысан ресімдердің заңдылығы күмәнді жағдайларда және құқықтардың ауысуы тиісті түрде тіркелмей, үшінші тұлғалардың пайдасына ресімделгені айтылады.

Асхат Рақымжанов бұл жағдайды зерделеу кезінде мүлікті ресімдеудің заңдылығына қатысты салмақты сұрақтар туындағанын айтты.

— Біз жағдайды егжей-тегжейлі қарастыра келіп, жай серіктестіктер деп аталатын мүлікті ресімдеу заңдылығына қатысты көптеген мәселелерді байқадық. Қазіргі таңда заңнаманы сақтамау белгілері бар деуге болады, — деді депутат.

Оның айтуынша, жай серіктестіктер құру хаттамаларын ресімдеу процесі мен ондағы қолтаңбалардың шынайылығына қатысты жайт ерекше назар аударып отыр.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Кездесу барысында тұрғындардың 1998 жылы өз есебінен салған су құбыры желілерін беруі мәселесі де қозғалды. Асхат Рақымжанов атап өткендей, тұрғындар су желілерін өз күшімен салып, оған күтім жасады, шығындарын көтерді және салық төледі. Бірақ кейіннен бұл мүлік үшінші тарапқа берілген. Оның пікірінше, жай серіктестіктер құру кезінде құқық бұзушылықтар болған жағдайда бұл ресімдеу процесі жүргізілмеуі керек еді.

Жиын қорытындысы бойынша Қонаев қаласының прокуратурасы жағдайды бақылауға алғанын жеткізді. Қадағалаушы органның алдына осы істің барлық мән-жайын, соның ішінде кондоминиум нысандарын ресімдеу мен меншік иелерінің құқын қорғауға қатысты жайттарды қайтадан жан-жақты қарау мәселесі қойылды.

— Негізгі міндет — әділдікті қайта орнату. Инфрақұрылымға қаражат салған адамдар өз мүдделерін қорғауға және кеткен шығындарын өтеуге құқылы. Барлық шешім тек құқық негізінде қабылдануға тиіс, — деп атап өтті Асхат Рақымжанов.

Кездесу барысында депутат бау-бақша серіктестіктерін мемлекеттік қолдау күшейетініне тоқталды. Партияның бастамалары азаматтардың өтініштеріне және саяжай бірлестіктерінің жергілікті жерлерде кездесетін нақты проблемаларына негізделгенін айтты.

Депутат сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарлары, сайлаушылармен кездесулер жер-жердегі жүйелі проблемаларды анықтауға, оған қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік органдардың назарын аударуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі кездесулері 5-13 қаңтар аралығында жалғасады. Жұмыс сапарлары барысында AMANAT, Ауыл, Ақ жол, ЖСДП, ҚПК және Respublica саяси партияларының парламенттік фракцияларының депутаттары сайлаушыларды қабылданған заңдар туралы хабардар етеді, олардың жергілікті жерлерде қолданылу барысын зерделейді және азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемаларды тыңдайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперативтер құруға негіз бар екенін айтқан еді.