Қонаевта вандалдар жаңа аялдамаларды қиратып кетті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевта жаңа аялдамаларды қиратып кеткен вандалдар іздестіріліп жатыр.
Қонаев тұрғындары қираған жаңа аялдамаларды видеоға түсіріп, желіге салды.
«Біздің Қонаевта жаңа аялдамаларды қиратып тастады. Ол кімге керек болды?! Бұл - тек вандализм акты емес, бұл қоғамдық тәртіпті бұзу және біздің жайлы қалалық ортаға деген құқығымызды таптау. Шу көтеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды, оларды жазалауды талап етеміз», - деп жазылған постта.
Қонаев қаласының жергілікті полиция қызметі аялдамаларды қиратқан бұзақылардың іздестіріліп жатқанын хабарлады.
«ҚР ӘҚБтК-нің 147-1 бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру фактісі бойынша іздестіру шаралары жүргізілуде», - деп хабарлады Жергілікті полиция қызметі.