Қонаевта заңсыз сауда орындары бұзылып, орнына саябақ салынады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласында жаңа саябақ салынады.
Қала әкімімен кездесу барысында тұрғындар бірнеше жылдан бері Абай көшесінде жайлаған заңсыз сауда орындарына шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы саудагерлерге полиция қызметкерлері айыппұл салғанымен, мәселе түбегейлі шешілмей келеді.
Шаһар басшысы Асхат Бердіханов бұл мәселе бойынша сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандары инвестормен келіссөздер жүргізгенін атап өтті. Қазір заңсыз сауда орындары алынып, саябақ құрылысы басталған.
– Инвестор өз қаражатына сквер салып жатыр. Құрылыс жұмыстары басталды. Қала тұрғындары демалатын, қыдыратын тағы бір аймақ пайда болады. Мұнда спорт, балалар алаңы салынып, шағын сәулеттік нысандар қойылады. Қолайлы орта құру бағытындағы жұмысымыздың бірі – осы, - деді Асхат Бердіханов.
Қонаев әкімдігінің мәліметінше, Комсомольская көшесі мен теміржол вокзалы аумағында да сквер салынуы мүмкін. Қазір жоба қаралып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Бостандық ауданында жаңа саябақ бой көтеретінін жазғанбыз.