Қонаевта жасөспірімдер адамдарды аяусыз соққыға жығып, видеоға түсірген

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаевта полицейлер ер адамдарды ұрып-соғып және сол әрекетерін видеоға түсірген жасөспірімдерді ұстады.

Әлеуметтік желіде бір топ жастың өтіп бара жатқан адамдарды аяусыз ұрып-соққан видеосы тарады.

Кадрдан кәмелетке толмағандар, оның ішінде жас қыз мас күйінде отырған ересек ер адамға тиісіп, кейін оны тепкілеп жатқанын көруге болады.

Алматы облысының полиция департаменті видеодағы жастардың анықталып, Қонаев полиция басқармасына жеткізілгенін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта қалалық полиция бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді», - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.