Қонаевтағы жағажайларда тазалық қалай қамтамасыз етіледі?
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, №6 жағажайда 40 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Олардың барлығы сенімгерлік басқарушы компаниямен келісімшарт жасап, жалға алған аумақты күтіп ұстауға міндеттелген.
Кәсіпкерлер күн сайын тазалық жүргізуге, сәкілерді дезинфекциялауға, қоқыс жәшіктері мен жарық орнатуға, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты.
«№6 жағажайда 45 қоқыс жәшігі, 10 контейнер және үш әжетхана орнатылған. Мұндағы тазалыққа 30 жұмысшы мен 2 арнайы техника жұмылдырылған. Қауіпсіздікті 10-нан астам құтқарушы қамтамасыз етеді, медицина қызметкерлері кезекшілік атқарады, бейнебақылау камералары орнатылған. Мониторинг күн сайын жүргізіледі», – деп мәлімдеді Қонаев қалалық ТҮКШ бөлімі.
№5 жағажайда 28 бөлмелі 6 әжетхана, 5 жуыну орны, 6 киім ауыстыратын бөлме, 30 қоқыс жәшігі, 40 бөшке және 25 контейнер қойылған. Мұнда жасанды интеллектпен жабдықталған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді.
Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖБ және полиция қызметкерлері жағажай аумағында тұрақты түрде кезекшілік атқаруда.
Әкімдіктің мәліметінше, күн сайын №6 жағажайға 4-5 мың, ал №5 жағажайға 1 500-2 000 адам келеді. Демалыс күндері бұл көрсеткіш бірнеше есеге дейін артады.
Алматылық тұрғын Мұрат Амангелдиевтің айтуынша, №5 жағажайда демалушыларға барлық жағдай жасалған.
«Әр демалыс сайын отбасымызбен келеміз. Мұнда таза, қауіпсіз. Құтқарушылар, медқызметкерлер, киім ауыстыратын бөлмелер бар. Балаларға ойнайтын алаң болса дейміз. Ең бастысы – тазалық. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастау – мәдениеттіліктің белгісі», – деді ол.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нариман Орынбасарұлының айтуынша, Қапшағай су қоймасынан ай сайын су сынамасы алынып, зертханалық сараптамалар жүргізіледі. Қорытындысы – қанағаттанарлық, су санитарлық талаптарға сай келеді және шомылуға рұқсат берілген.
Жағажай маусымы басталғалы қоғамдық орындарды ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК 434-2-бабы бойынша 35 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 1 376 200 теңге айыппұл салынған.
Қала әкімдігі жағажайлардағы санитарлық талаптардың сақталуына бақылаудың күшейгенін атап өтті. Кәсіпкерлер келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ әкімдік демалушыларға тазалық пен тәртіпті сақтау – ортақ міндет екенін еске салды.
Айта кетейік, Қонаевта жаңа казинолар ашылуы мүмкін.