Қонаевтағы әуе шарлар фестивалі кімнің есебінен ұйымдастырылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімдігі «Мың түсті аспан» халықаралық шар фестивалін өткізуге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Алматы облысының әкімдігі бұл жобаны мемлекеттік бюджеттен 183 млн теңгеге қаржыландыруды жоспарлаған еді.

«Алайда, демеушілер тарту жұмыстары оң нәтиже беріп, «Мың бояулы аспан» халықаралық шар фестивалі коммерциялық жоба ретінде, жергілікті демеушілер мен кәсіпкерлік құрылымдармен келісім жасау арқылы өткізілетін болып қайта мақұлданды. Осылайша, фестивальді ұйымдастыруға мемлекеттік бюджеттен қаржы жұмсалмайды»,- деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Өңір әкімдігі оқиғалы туризм – әлемде кең танымалдыққа ие болған және Қазақстанда даму сатысында тұрған туристік қызметтің перспективалық бағыты екенін атап өтті.

«Ол басқа туристік қызмет түрлерінің ішінде интерактивтілігімен, яғни іс-шараға адамдардың көп бөлігін тартуымен, эмоционалдылығымен және тақырыптық әртүрлілігімен ерекшеленеді. Өйткені Алматы облысы ішкі және келетін туристер саны бойынша республикада алдыңғы қатарда. «Мың бояулы аспан» - бұл азаматтардың бірлігі мен отбасылық құндылықтарды бірінші орынға қоятын фестиваль. Фестивальда аспанға алып шарлар мен батпырауықтарды ұшыру жоспарланған. Оған әлемнің түрлі елдерінен өкілдер қатысады»,- деп түсіндірді әкімдіктен.

Фестиваль аясында шарлармен ұшудан басқа, батпырауық сайысы, балалар мен ересектерге арналған интерактивті іс-шаралар, жарқын интернет-контентке арналған фотоаймақтар, музыкалық және театрлық шоулар, түнгі жарық қойылымдары ұйымдастырылады.

«Фестиваль Қонаев қаласының ірі іс-шаралар мен отбасылық мерекелерді өткізу орны ретінде оң имиджін қалыптастырады және Алматы облысында «оқиғалы туризмді» ілгерілетудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде айқындалады. Оның негізгі мақсаты – облыстың, осы аймақтың және мемлекетіміздің туризмі мен экономикасын дамытуға жәрдемдесу»,- деп атап өтті Алматы облысының әкімдігінен.