Қонаевты еске алу турниріне қатысу үшін Таразға 12 елдің балуаны келді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған ересектер арасындағы еркін күрес бойынша халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ашылу рәсімі «Тараз-Арена» спорт сарайында өтеді.

2007 жылдан бері турнир республикалық деңгейде, ал 2012 жылдан бастап халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Былтырғы сайысқа Ресей, Моңғолия, Бразилия, Армения, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген 150-ден астам спортшы қатысқан еді. Биыл олардың қатарына  Жапония, Польша, Украина, Беларусь, Әзербайжан кірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш жарыстың мақсаты - Қазақстанның еркін күресін дамыту, жастардың патриоттық сезімін ояту, ҚР Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмаларды орындау.

Қатысушылар 57, 61, 65, 70, 74, 86, 97 және 125 келі салмақ дәрежелерінде сынға түседі. Халықаралық жарысты ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл облысының грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы атсалысты. 

Бірінші орынды иемденген спортшы 5 мың доллар алады. Әр салмақ дәрежесі бойынша бірінші орын алған спортшы-жеңімпаздардың жаттықтырушыларына бір мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы беріледі. 

Айта кетейік,  Дінмұхамед Қонаев  - аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы. 26 жыл бойы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды. Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы уақыт болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Бүгінде оның аты көптеген көшелерге, шағын аудандарға, университеттерге, мұражайларға берілген. Жыл сайын Қонаевты еске алуға арналған түрлі шаралар өткізіліп тұрады.