Қонаевты еске алуға арналған жарыста тоғыз елдің балуандары күш сынасты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған күрестен халықаралық жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасай отырып.

«Тараз-Арена» спорт сарайындағы жарысқа Қазақстана, Ресей, Моңғолия, Бразилия, Армения, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан 150 спортшы қатысты.

Балуандар 57, 61, 65, 70, 74, 86, 97 және 125 кг салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және төрт қола медаль иеленді.

Халықаралық жарысты ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федеарациясы, Жамбыл облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл облысының еркін күрес федерациясы ұйымдастыруға атсалысты.