Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың хирургтері асқазанынан қайта-қайта қан кеткен және ауыр дәрежелі анемияға шалдыққан науқасқа күрделі шұғыл ота жасады.
Ер адам Алматыға басқа өңірден қонаққа келген. Қалада жүрген кезінде денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілген.
Тексеру нәтижесінде асқазанынан көлемі шамамен 2,5 сантиметр болатын ойық жара анықталды. Дәрігерлер ісік үдерісіне күдіктенген. Қайта қан кету қаупі жоғары болғандықтан, қажетті дайындықтан кейін хирургиялық ота жасау туралы шешім қабылданды.
Медициналық көрсетілімдерге сәйкес, науқастың асқазаны толық алынып, лимфа түйіндеріне диссекция жасалды. Сондай-ақ Ру ілмегі әдісімен өңеш пен аш ішек жалғанды. Операция кезінде алынған тінге жедел гистологиялық зерттеу жүргізіліп, атипиялық жасушалардың бар екені расталды.
Ота шамамен үш сағатқа созылды. Соңғы гистологиялық зерттеу нәтижесі бойынша науқасқа асқазанның төмен дифференцияланған карциномасы диагнозы қойылды. Сонымен қатар ісікте таңба тәрізді жасушалы қатерлі ісік ошақтары болғаны және оның асқазан қабырғасының барлық қабатын, соның ішінде сірлі қабығын зақымдағаны анықталды.
№1 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Байтұрғановтың айтуынша, дәрігерлердің міндеті қан кетуді тоқтатумен ғана шектелмей, оның себебін жою болды.
- Қайта қан кету қаупі жоғары болғанын және ісік үдерісі расталғанын ескере отырып, онкологиялық талаптарды сақтай отырып, асқазанды толық алып тастау туралы шешім қабылданды. Ота хирургтер мен анестезиолог-реаниматологтардың үйлесімді жұмысын талап етті, – деді маман.
Операциядан кейін науқастың жағдайы біртіндеп жақсарды. Денсаулығы тұрақтанып, стационарлық ем аяқталған соң әрі қарай бақылауда болу жөніндегі ұсынымдармен үйіне шығарылды.
№7 қалалық клиникалық аурухананың директоры, PhD докторы Нұрдос Қадырбеков бұл жағдай дер кезінде диагноз қою мен шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі қаншалықты маңызды екенін көрсететінін атап өтті.
- Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау аурудың алдын алудан басталатынын еске салғым келеді. Жасыңызға және белгіленген ұсынымдарға сәйкес, онкологиялық ауруларды анықтауға арналған скринингтерді қоса алғанда, профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп тұрыңыз, – деді ол.
Дәрігерлер асқазанның қатерлі ісігі бастапқы кезеңде айқын белгілерсіз өтуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан профилактикалық тексерулерден қалмай, жас ерекшелігіне сәйкес скринингтік зерттеулерден өту маңызды.
Себепсіз салмақ жоғалту, іштің ауыруы, тәбеттің төмендеуі және анемия белгілері байқалса, дәрігерге қаралу қажет. Ал қан аралас құсу, нәжістің қараюы, қатты әлсіздік немесе естен тану шұғыл медициналық көмекті қажет етеді. Ауруды дер кезінде анықтау оны ерте кезеңде емдеуге мүмкіндік беріп, сауығу ықтималдығын арттырады.
Еске салайық, қазақстандық онкологтар сүт безін қалпына келтірудің жаңа технологиясын енгізген еді.