Концерт кезінде нөпір астында қалған 24 адам мерт болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай ұйымдастырылған гвинеялық танымал рэп-топтың концерті адамдардың қыспақта қалуымен аяқталды, деп жазады шетелдік БАҚ.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, оқиға салдарынан 24 адам қаза тапса, мыңдаған адам түрлі дене жарақатын алған. Концерт Гвинея астанасы Конакридегі жағажайда ұйымдастырылған. Әзірше, оқиғаның бұлай өрбуіне не түрткі болғандығы белгісіз.

Гвинея билігі бір апталық азалы күнін жариялады және мәдени іс-шараны ұйымдастыруға жауапты ведомствоның басшысын қызметінен қуды.