Көне карталар көрмесінде Батыс Еуропа саяхатшыларының тарихы 2000 жылдан асатын құнды еңбектері ұсынылды

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - «Карталар мен саяхаттар: Ұлы Александрдан патшайым Викторияға дейінгі Еуропаның Қазақстанды тануы» деген атпен өткен көне карталар көрмесі арқылы Батыс Еуропа саяхатшыларының тарихы 2000 жылдан асатын құнды еңбектері ұсынылды.

«Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушы­лық мемлекеттік мекемесінде саясаттану ғылымдарының докторы Найджел Гулд-Дэвистің жеке коллекциясынан алынған Батыс Еуропа саяхатшыларының Орта­лық Азия аумағын, көшпелі­лер­дің салт-дәстүрі мен мәдениетін тану үдерісін айшықтаған көне карталар көрмесі ашылды, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

«Назарбаев орталығының» бас­ты мақсаты - Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттілігі тарихын жүйелі зерттеп, насихаттау, - деді өз сөзінде «Назарбаев орталығы» директорының орынбасары Роман Василенко. - Бү­гінгі ұйымдастырылып отырған XVI-XIX ғасырлардағы Орталық Азияның сирек кездесетін кар­та­ларының көрмесі Қазақстандағы және жалпы аймақтағы мемле­кет­тіліктің қалыптасуы мен даму үдерісін тереңірек ұғынуға қо­­мақты үлес қосады деп сенеміз».

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Найджел Гулд-Дэвис: «Қазақстанмен етене та­нысқан соң, еуропалық саяхат­шы­лардың Орталық Азия хал­қы­мен қарым-қатынастарының тарихы жайындағы дүниелердің түпнұсқасынан коллекция жи­­нау­ға қызығушылығым артты. Сон­дықтан да мен Қазақстан жеріне еуропалықтардың көзімен қа­рау­ға мүмкіндік беретін көне карталарды жинаумен айналыса бастадым. Бұл карталардың барлығы қазақ даласы мен оның хал­қы­ның ғасырлар бойы еуропалық саяхатшыларды қалай қарсы ал­ға­нынан сыр шертеді. Олар еуро­палықтардың ежелгі грек миф­те­рінен ағартушылық дәуірінің айқындығы мен талғампаз­дығы­на дейінгі түсінігінің қалай те­реңдегенін көрсетеді. Көптеген карталар адамды сырттай жай қызықтырып қана қоймайды, сонымен қатар, өзінше көркем­ді­гі­мен көз тартады десем, қателес­песпін», - деді.

Еуропалық Одақ өкілдігінің Қазақстандағы басшысы, елші Аурелия Бушез: «Ұлы Александр­дан Жібек жолына дейінгі Шы­ғыс-Батыс ендігі әрқашан осы құ­рылықта өмір сүрген халықтар­дың тауар алмасатын жері бол­ған. Жаңа әріптестіктің стратегия­сы: Еуропалық Одақ және Ор­та­лық Азия, сондай-ақ ЕО-мен Ор­талық Азия елдерінің арасында­ғы келі­сім - көрмеде көрсетілген мәдени мұраның айтулы бөлігі десек болады», - деп атап көрсетті.

Қазақстандықтардың ғылы­ми-ағартушылық және мәдени өмі­рін­де осындай көрмені ұйым­дас­тырудың маңызы туралы әңгі­ме­леген ҚР БҒМ ҒК Ә.Х. Мар­ғұлан атындағы Археология институты филиалының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев: «Кейбір көне карталарда, тіпті біршама бұрма­ланған формада болса да, тарихи өзге­ріс­тер - моңғол, кейінірек жоңғар шапқыншылығы, әсіресе, ресей­лік отарлау үстемдігі мен Кеңес Одағы кезеңінде атауы өзгертіл­ген (немесе жойылған) байырғы түрктің және қазақтың елді ме­кені, таулы аймақ, өзге түрлі та­би­ғи-ландшафты кешен­дер­дің және т.б. халықтық атаулары сақталған. Өлкеміздің тарихы мен тарихи жағырафиясын зерттеп білуде олардың маңызы өте зор», - деді.

Көрменің ашылуына мемле­кеттік орган өкілдері, диплома­тиялық корпус, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар­дың, ғылыми-талдау орталық­та­ры­ның, БАҚ өкілдері мен көр­некті мәдениет, өнер және әде­биет қайраткерлері қатысты.