Конфедерация кубогы-2017 жарысының жеребесі тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Конфедерация кубогы-2017» жарысының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күш қолданылатын спорт түрлері және спорттық жекпе-жек конфедерациясының ұйымдастыруымен биыл екінші рет өткелі отырған «Конфедерация кубогының» жеребе тарту рәсіміне Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері қатысты.

Аталған жарысқа еліміздің 16 өңірінің саңлақтары спорттың 5 түрінен жарысқа түседі. Жарыстың ерекшелігі бір мезетте көрермендер бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо және таеквондо сынды спорт түрлері бойынша сайыстарды тамашалай алады.

Жеребе тарту рәсімінде 16 команда 4 топқа бөлініп, өзара қарсыластарын анықтады.

А тобында БҚО, Алматы облысы, Павлодар облысы, Атырау облысы сайысқа түссе,  B тобына СҚО, Маңғыстау облысы, Қарағанды облысы, ШҚО кірді. Ал С тобында Ақтөбе облысы, Астана қаласы, Қостанай облысы, ОҚО өзара сынға түссе, D тобында Қызылорда облысы, Жамбыл облысы, Алматы қаласы, Ақмола облысы өзара мықтыларды анықтайды.

А тобының жеңімпазы С тобының жеңімпазымен В тобының жеңімпазы  D тобының жеңімпазымен жолығады.

Іріктеу кезеңдері Ақтау, Шымкент, Тараз және Талдықорған қалаларында өтеді. Нақтырақ айтсақ, 7-8 қазан - Тараз қаласы D тобын қабылдаса, 14-15 қазан - Талдықорған қаласы А тобын қабылдайды. Ал 21-22 қазан - Шымкент қаласы С тобын қабылдаса, 28-29 қазан - Ақтау қаласы В тобын қабылдайды.

Осы іріктеуде әр спорт түрі бойынша үздік шыққан командалар желтоқсан айының 2-3 аралығында Алматы қаласында өтетін ақтық кезеңде бақтарын сынайтын болады. Жүлде қоры - 125 млн теңге. Бір спорт түрі бойынша жеңіске жеткен команда 25 млн теңгеге ие болады.