Конференция лигасы: «Ақтөбе» үшінші іріктеу сатысында жарысты аяқтады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Ақтөбе» Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында жарысты аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Алғашқы минуттан қарсыластар бір-бірінің қақпасы маңында шабуыл ұйымдастырды. Десе де кейбірінде футболшылар қателікке бой алдырса, ендігі бір сәтте қақпашылар шеберлік танытты.

Екінші кезеңде де ойын барысы дәл осындай жағдайда өрбіді. Ойынның 67-минутында «Сепси» сапынан Николае Пэун мергендік танытты.

Осылайша «Ақтөбе» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.

Алғашқы кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Екі ойынның нәтижесі бойынша румыниялық клуб жолдама алды.

Енді олар плей-офф сатысында Норвегияның «Буде-Глимт» командасымен кездеседі. Аталған ұжым Арменияның «Пюник» клубын (0:3, 0:3) қапы қалдырды.

Ақтөбелік команда Конференция лигасының екінші іріктеу сатысында Грузияның «Торпедо Кутаиси» клубын (4:1, 1:2) орта жолда қалдырды.

Айта кетсек, елорда уақытымен 00:00-де Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында «Астана» сырт алаңда «Лудогорец» (Болгария) кездесуі «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ал Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында елорда уақытымен 00.35-те Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» командасымен шеберлік байқасады.

Бұл ойын ««Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.