Конференция лигасы: «Ақтөбе» жарыстың үшінші сатысына жолдама алды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында қазақстандық «Ақтөбе» Грузияның «Торпедо Кутаиси» командасын қапы қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік клуб ойын басынан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде ойынның 32-минутында ақтөбелік клубтан Максим Самородов есеп ашқан еді.

Екінші кезеңде грузиялық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алдымен Георгий Арабидзе 58-минутта гол соқса, одан кейін 66-минутта Ираклий Бугридзе өз клубын алға шығарды.

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Ақтөбе» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түскен еді.

Енді «Ақтөбе» жарыстың үшінші сатысында 10 және 17 тамыз күндері ЦСКА София (Болгария) және «Сепси» (Румыния) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Екі команда арасындағы бүгінгі кездесуде румыниялық клуб 1:0 есебімен алда тұр. Алғашқы ойында «Сепси» 2:0 есебімен басым түскен болатын.

Айта кетсек, бұдан бұрын Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында қостанайлық «Тобыл» Швейцарияның «Базель» клубын (3:1 1:2) қапы қалдырды.

Енді елорда уақытымен 00.50-де шымкенттік «Ордабасы» Польшада жергілікті «Легиямен» шеберлік байқасады.