АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық клубтардың UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысындағы алғашқы ойындары қай телеарнадан көрсетілетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында қазақстандық «Ордабасы» (Шымкент), «Ақтөбе» және «Тобыл» (Қостанай) командалары сынға түседі.
Алдымен «Ордабасы» өз алаңында Польшаның «Легия» командасын қабылдайды.
Ойын елорда уақытымен 20:50де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ал аталған телеарнадан 22:50-де грузиялық «Торпедо Кутаиси» мен «Ақтөбе» кездесуі тікелей эфирде көрермен назарына ұсынылады.
Сондай-ақ, 23:20-де жанкүйерлер «Qazaqstan» телеарнасынан «Базель» (Швейцария) мен «Тобыл» кездесуін тамашалай алады.
Айта кетсек, қостанайлық клуб бірінші іріктеу сатысында Финляндияның «Хонка» командасын (2:1, 0:0) қапы қалдырды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.