Конференция лигасы: «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Тобыл» алғашқы ойындарын өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық «Ордабасы» (Шымкент), «Ақтөбе» және «Тобыл» (Қостанай) клубтары UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысындағы алғашқы ойындарын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда уақытымен 20:50-де «Ордабасы» мен «Легия» (Польша), 22:50-де «Торпедо Кутаиси» (Грузия) мен «Ақтөбе» кездесулері «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Польшалық «Легия» клубы 1916 жылы құрылған. Қазірге дейін өз елінің 15 дүркін чемпионы атанып үлгерді. Бірнеше мәрте Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы топтық кезеңдерінде сынға түскен.

Бұған дейін еурокубок ойындарында екі мәрте қазақстандық клубтармен жолы түйісті. 2014 жылы Еуропа лигасы плей-офф сатысында «Ақтөбені» (2:0, 1:0) қапы қалдырды.

Ал 2017 жылы үшінші іріктеу сатысында «Астанаға» (1:0, 1:3) жол берді.

Ал «Торпедо Кутаиси» 1946 жылы алғашқы ойынын өткізген. Грузия чемпионатында төрт мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Олар Еуропа лигасында ақтөбелік клубтан 2012 жылы (1:1, 0:1) 2019 жылы «Ордабасыдан» (0:2, 0:1) жеңіліп қалды.

Сондай-ақ, 23:20-де жанкүйерлер «Qazaqstan» телеарнасынан «Базель» (Швейцария) мен «Тобыл» кездесуін тамашалай алады.

Қостанайлық клуб бұған дейін 2006 жылы UEFA кубогы бірінші іріктеу сатысында «Базель» клубына (1:3, 0:0) жол берді.

Одан кейін швейцариялық команда 2021 жылы Конференция лигасы топтық кезеңінде алматылық «Қайраттан» екі мәрте (3:2, 4:2) жеңіп кеткен еді.

Еске салсақ, бұған дейін Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында «Астана» хорватиялық «Динамодан» ойсырай жеңілді.