Конференция лигасы: «Тобыл» финляндиялық «Хонка» командасымен қарымта ойын өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасы бірінші іріктеу сатысында қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда Финляндияның «Хонка» командасымен қарымта ойын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: fctobol.kz

Кездесу 20 шілдеде елорда уақытымен 22:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Тобыл» еурокубок ойындарында алғаш рет 2003 жылы бақ сынады. Әзірге топтық кезеңге шыға алмай келеді.

«Хонка» 1957 жылы құрылған. Финляндияның вейккауслигасында (жоғарғы лигасы) 2008, 2009, 2013 жылдарда күміс жүлдегер атанса, 2019 жылы қола жүлдеге қол созды.

Айта кетсек, екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Тобыл» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Жеңімпаз ұжым екінші іріктеу сатысында Швейцарияның «Базель» командасымен шеберлік байқасады. Ойын 27 шілде және 3 тамыз күндері болады.

Еске салсақ, Чемпиондар лигасында «Астана» екінші іріктеу сатысына шықты.