АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасы бірінші іріктеу сатысында қостанайлық «Тобыл» өз алаңында Финляндияның «Хонка» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу 12 шілдеде Қостанайдағы орталық стадионда елорда уақытымен 21:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«Хонка» 1957 жылы құрылған. Финляндияның вейккауслигасында (жоғарғы лигасы) 2008, 2009, 2013 жылдарда күміс жүлдегер атанса, 2019 жылы қола жүлдеге қол созды.
Еурокубок ойындарына алғаш рет 2007 жылы қатысты. Сол жылы Интертото кубогында сынға түссе, одан кейін UEFA кубогы, Еуропа лигасында бақ сынады.
Екі команда арасындағы қарымта кездесу 20 шілдеге белгіленген.
Ал «Тобыл» еурокубок ойындарында алғаш рет 2003 жылы бақ сынады. Әзірге топтық кезеңге шыға алмай келеді.
Жеңімпаз ұжым екінші іріктеу сатысында Швейцарияның «Базель» командасымен шеберлік байқасады. Ойын 27 шілде және 3 тамыз күндері болады.
Еске салсақ, «Астана» Чемпиондар лигасында грузиялық «Динамомен»тең түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.