Конференция лигасы: «Ақтөбе» бүгін босниялық «Сараево» командасымен шеберлік байқасады

Фото: Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 11 шілдеде УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында «Ақтөбе» өз алаңында босниялық «Сараево» командасымен кездеседі. 

Ойын сағат 20:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Сараево» командасы 1946 жылы құрылған. Боснии және Герцеговина біріншілігінде 1998/99, 2006/07, 2014/15, 2018/19, 2019/20 жылдардағы маусымда чемпион атанды.

Аталған клуб еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді. Әзірге топтық кезеңге жете алған жоқ.

Өткен маусымда «Сараево» өз елінің біріншілігінде төртінші орын алды.

Команда құрамында негізінен жергілікті футболшылар ойын көрсетеді. Оған қоса колумбиялы, ганалық, бразилиялық, грузиялық және өзге елдерден келген ойыншылар бар.

Айта кетсек, 14-турға жоспарланған «Атырау» - «Ақтөбе» ойыны ақтөбелік команданың еурокубокқа қатысуына байланысты кейінге шегерілді.

Елордалық «Астана» Еуропа лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастайды.

Сондай-ақ бүгін Қостанайдың «Тобылы» футболдан Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Ружемберок» қкомандасымен кездеседі.

Кездесу елорда уақытымен 22:00-де басталып, «Sport Plus Qazaqstan» және «Ел Арна» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде «Ордабасы» молдовалық «Петрокуб» командасымен тең түсті.