Конференция лигасы: «Ақтөбе» өз алаңында «Спартадан» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Ақтөбе» UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде бүгін Чехияның «Спарта» командасынан басым түсті.
Қазақстандық команда алғашқы минуттан шабуылға көбірек көңіл бөлді. Оған чехиялық клуб қорғаушылары лайықты қарсылық көрсетті. Ойынның 29-минутында «Ақтөбе» сапынан Дэниел Соса мергендігімен көзге түсті. Бірінші кезеңде «Спарта» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен мақсатына жете алмады.
Екінші кезеңде де қазақстандық клуб қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Нәтижесінде Оралхан Өміртаев 83-минутта есепті үстемелей түсті.
Ал 90-минутта «Ақтөбе» қақпасына белгіленген пенальтиден «Спарта» футболшысы Велько Бирманчевич мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Енді қарымта кездесу 31 шілде күні өткізіледі.
«Ақтөбе» еурокубок ойындарын Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінен бастап, бұл жолы Польшаның «Легия» командасына (0:1, 0:1) есебімен жол берді.
Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық «Астана» өз алаңында Молдованың «Зимбру» командасымен 1:1 есебімен тең түсті.
Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде алматылық «Қайрат» Финляндияның «КуПС» командасына есе жіберді.