Бүгін «Астана» футбол клубы Конференция лигасының топтық кезеңінде алтыншы ойынын өткізіп, Чехияның «Виктория Пльзень» командасымен кездесті, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық команда сырт алаңда өткен ойында қарсылас ұжымға 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Кездесу барысында франциялық Вилли Делажо бас төреші болды. Оған отандастары Эрван Финжан мен Филипп Жанн көмекшілік жасады.
Бірінші кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде чехиялық клубтан Адам Влканова 58, Джон Москера 68, 82-минутта мергендік танытып, қорытынды есепті белгіледі.
«Астана» топтық кезеңде екі мәрте «Виктория Пльзеньге» (0:3, 1:2), хорватиялық «Динамо Загребке» (0:2, 1:5) жеңілді.
Ал косоволық «Балканиді» сырт алаңда 2:1 есебімен тізе бүктірсе, өз алаңында 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Бұл топта «Виктория Пльзень» - 18, «Динамо Загреб» - 9 ұпай жинап, жарыстың плей-офф сатысына жолдама алды.
Ал «Балкани» мен «Астана» небәрі төрт ұпайды қанағат тұтты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.