ПАРИЖ. KAZINFORM — Елордалық «Астана» командасының қатысуымен өтетін 2024/25 жылғы маусымдағы УЕФА Конференция лигасы топтық кезеңінің ойын кестесі белгілі болды.
Жеребе нәтижесімен қазақстандық клубқа Англияның «Челси», Кипрдің АПОЭЛ және «Пафос», Португалияның «Витория» (Гимарайнш), Уэльстің «Нью-Сейнтс» және Сербияның ТСЦ командалары қарсылас атанды.
Елордалық ұжым өз алаңында 3 қазанда ТСЦ, 28 қарашада «Витория», 12 желтоқсанда «Челси» командаларын қабылдайды.
Ал 24 қазанда сырт алаңда «Нью-Сейнтс», 7 қарашада «Пафос», 19 желтоқсанда АПОЭЛ клубтарымен кездеседі.
«Астана» турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастады, алғашқы айналымда Молдованың «Милсами» клубын (1:0, 1:1) қапы қалдырса, одан кейін Румынияның «Корвинул» командасынан (2:1, 6:1) басым түссе, плей-офф сатысында Норвегияның «Бранн» клубын (0:2, 3:0) тізе бүктірді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.